РИЯ немесе еңбегі зая кеткендер
РИЯ немесе еңбегі зая кеткендер

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні Әбу Һурайра деген сахабасының жанында отырып рияшылдық жайлы былай дейді: «Қиямет күні алғаш шақырылатындар: қари, (Құранды жатқа оқушы) Аллаһ Тағала жолында құрбан болған адам және мал-мүлкі көп дәулетті кісі. Алла Тағала қариға:

–  Мен саған Елшіме түсіргенімді үйреттім бе? -деп сұрайды.

Қари:

–  Иә, Құдай Тағалам,- дейді.

–  Сол үйренгендеріңмен қандай амал жасадың?- деп Хақ Тағала қайта сұрайды.

Қари:

–  Мен күндіз-түні дамылсыз оны оқитын едім,- дейді.

Алла Тағала:

–  Жалған айтасың! -дейді.

Періштелер де оған:

–  Жалған айтасың! - деп дауыс көтереді.

Алла Тағала оған:

–  Сен керісінше, «Пәленше Құран оқиды, қари!» десін деп оқыдың. Және ел арасында осылай айтылды да,- дейді.

Сосын дәулетті кісіні шақырады. Алла Тағала:

–  Мен саған ен дәулет берген жоқпын ба? Тіпті көп бергенім сонша, сен ешкімге мұқтаж болмадың,- дейді.

Дәулетті адам:

–  Иә, Құдай Тағалам,- дейді.

–  Саған бергендеріммен қандай амал жасадың? - деп сұрайды Алла Тағала.

Әлгі адам:

–  Ағайын-туыстарыма, жақындарыма қол ұшын беріп, садақа таратып едім,- дейді.

Алла:

–  Сен «Пәленше неткен жомарт!» десін деп жасадың. Ел арасында да осылай аталып, дегеніңе жеттің,- дейді.

Сосын Хақ Тағала жолында шейіт болған адамды шақырады.

Алла Тағала:

–  Не үшін өлтірілдің? - деп сұрайды.

Әлгі адам:

–  Сенің жолыңда жиһат ету – мойнымдағы борыш еді. Осылайша, мен өле-өлгенше Сен үшін соғыстым,- дейді.

Алла Тағала оған:

–  Жалған айтасың,- дейді.

Періштелер де:

–  Жалған айтасың,- деп дауыс көтереді.

Алла Тағала оған:

–  Сен керісінше «Пәленше қаһарман!» десін деп ойладың. Ел арасында да осылай айтылды.

Осы кезде Алла Елшісі қасындағы Әбу Һурайраның тізесін жаймен қағып: «Ей, Әбу Һурайра! Міне, осы үш адам: қиямет күні жалын атқан Жәһаннамға тасталатын Алла Тағаланың үш пендесі»,- дейді[1].

Сахаба Әбу Һурайраның Пайғамбарымыздан естіген осы хадисті кейіннен Шуфәй деген кісі жаттап алып, бір күні Муауия атты сахабаға жеткізеді. Ол бұл хабарды естіп: «Мынадай кісілердің халі осындай болса өзге адамдардың жағдайы не болмақ?» деп ауыр күрсінеді. Муауияның күрсінісі аздан кейін жылауға ұласады.  Шуфәй: «Оның солқылдап жылағаны сонша, мен оның демі үзіліп кете ме деп қауіптендім»,- дейді. Бірақ біраз уақыттан кейін өз-өзіне келіп, көз жасын құрғатты. Сосын қайғырып: «Алла Тағала мен Оның Елшісі дұрыс айтады: «Кімде-кім дүние тіршілігі мен оның қызығын қаласа, бұл дүниеде олардың еңбектерінің қарымын толық береміз. Олар бұл жерде ешқандай кемшілік көрмейді. Ал ақыретте оларға тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Жасаған амалдарының бәрі де сол жерде жойылып кетеді. Негізі, олардың істегендері түкке тұрмайды» аятын оқыды. 


[1] Муслим, Имарат 152; Тирмизи, Зуһд 48.

рия
Айтжан ЖексеновАйтжан Жексенов
9 жыл бұрын 4915
1 пікір
Блог туралы