Батыржан Мансұров: Миғраж түні
Батыржан Мансұров: Миғраж түні

Миғраж түні Ережеп айының 26-нан 27-сіне қараған түн.
Миғраж хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. Алланың әрбір ісінде өзіндік хикмет болғанындай, Миғраждың да кейбір хикметтері бар. Мысалы, Миғраж оқиғасы көп қиыншылық пен қайғылы оқиғалардан соң орын алды. Яғни Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл кездері көңіліне қаяу түсіп, мұңайып жүрген кездері болатын. Сондықтан бұл жыл Ислам тарихында «Қайғылы жыл» деп аталды. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті әйелі Хадиша анамыз, артынша, көп уақыт өтпей көкесі, жанашыры Әбу Талиб дүние салған болатын. Сол күндері Пайғамбарымыз тіпті үйінен шыға алмай қалған уақыттары да болды. Сыртқа шыққан жағдайда мүшріктер жәбір көрсетіп, Әбу Талибтің кезінде істей алмаған зорлық-зомбылықтарын оның көзі кеткен соң жасай бастады. Айталық, бірде Пайғамбарымыз Әбу Бәкір мен Османды ертіп, бірге Қағбаны тауаф етіп жүреді. Мүшріктер Қағбаның қасына барып Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолын бөгейді. Мүмкіндікті мүлт жібермейтін Әбу Жаһил атып шығып, Пайғамбардың жағасына жабыса кетеді. Басқалар да араласып, біраз уақыт ерегескен екі топ екі жаққа тарайды. Пайғамбар: «Алланың атымен ант етемін! Сендерге Алла тағаланың азабы келмейінше бұл істеріңді доғармайсыңдар! Сендер Пайғамбарларың үшін ең жаман адамсыңдар!», – деп үйіне бет алады.
Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаның жанында намаз оқып отырған болатын. Сол маңайда отырған мүшріктердің бірі: «Пәленшенің үйіндегі түйенің ішек-қарнын әкеліп ана кісінің үстіне кім тастай алады. Қане, қайсыңның батылың жетеді?», – дейді. Ұқба ибн Әби Муайт орнынан тұрады. Ол ішек-қарынды алып келіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сәждеге барғанда үстіне тастап жібереді. Пайғамбарымыздың басын сәждеден көтере алмай жатқанына мүшріктер қатты күледі. Міне, осы сияқты оқиғалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көңілін қынжылтып еді.
Алайда, Жаратқан Алла Расулының үмітіне дақ түсірмеді, көңілін сергітіп, иманын одан ары нығайтты. Үлкен сый-сияпатқа кенелтіп, миғражды нәсіп етті.
«Миғраж» сөзі «жоғары шығу», ал «Исра» сөзінің мағынасы «түнгі сапар» дегенді білдіреді. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде Миғраж оқиғасын былайша баян етеді: «Құлын (Мұхаммедті ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Масжид Харамнан біз айналасын мүбарак қылған Масжид Ақсаға апарған Алла, әртүрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз, Ол естуші, білуші» («Исра» сүресі, 1-аят).
Пайғамбар бір күні Қағбаның хатим деген бөлімінде (басқа бір деректе Үмму Ханидің үйінде делінген) болған кезінде Жәбірейіл (ғ.с.) келіп, оған Миғраж жайында білдірді. Алдымен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пыраққа мініп Ақса мешітіне жетеді. Бұл жағдайды Исра (түн жорығы) деп атаған.
Кейіннен Пайғамбарымыз Жәбірейілмен (ғ.с.) бірге жеті қабат көкке шығып, Сидратул Мунтаһаға барады. Сидратул Мунтаһа – Алла тағала мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) арасындағы перде. Сидратул Мунтаһаға жеткенде Жәбірейіл (ғ.с.) періште: «Мен мына жерден ары қарай өте алмаймын», – дейді де, сол жерде қалып қояды.
Бұл жайында Пайғамбарымыздың өзі оқиғаны былайша баяндайды:
– Мен Қағбаның Хатим бөлігінде ұйқылы-ояу едім… Маған есектен биік, қашырдан қысқа ақ түсті бір жануар әкелінді. Бұл Пырақ болатын. Алдыңғы аяғын көзің жете алатын ең соңғы нүктеге дейін қойып жол жүретін. Мен оның үстіне мінгізілдім. Жәбірейіл (ғ.с.) мені осылайша апарды. Дүниенің көгіне дейін келдік. Көк есігінің ашылуын қалады.
– Келген кім? – делінді.
– Жәбірейіл! – деді.
– Қасыңдағы кім? – делінді.
– Мұхаммед (аләйһиссалату уә сәлләм), – деді.
– Оған Миғраж шақыруы жіберілді ме? – делінді.
– Иә! – деді.
– Қош келіпті! Бұл келгені қандай жақсы! – делінді де, есік ашылды.
Есіктен кіргенде, сол жерде Адамды (аләйһиссәлам) көрдім.
– Бұл әкелерің Адам ғой! Оған сәлем бер! – делінді.
Мен де сәлем бердім. Сәлемімді алды. Кейін маған:
– Салих (игі, пәк, рухани таза) балам қош келдің, салих пайғамбар қош келдің! – деді.
Кейін Хазреті Жәбірейіл мені жоғары шығарып, екінші көк-жүзіне келдік. Бұл жерде Яхия мен Хазірет Исаға (аләйһиссәләм) кездестім. Олар әпке ұлдары еді.
Кейін Жәбірейіл мені үшінші көкке шығарды, ол жерде Хазірет Юсуфпен (аләйһиссәләм) кездестік. Төртінші қабаттағы көк-жүзінде Хазірет Идриспен (аләйһиссәләм), бесінші қабаттағы көк-жүзінде Харунмен (аләйһиссәләм), алтыншы қабаттағы көк-жүзінде Хазірет Мұсамен (аләйһиссәләм) кездестік.
– Салих бауыр, қош келдің, Салих пайғамбар қош келдің! – деді.
Мен оның қасынан кеткенімде жылады. Оған:
– Неге жыладың? – делінді.
– Өйткені менен кейін бір жас пайғамбар келді, оның жәннатқа кіретін үмбеті, менің жәннатқа кіретін үмбетімнен әлдеқайда көп! – деді. (Хазіреті Мұсаның (ғ.с.) жылауы қызғаныштан туып отырған жоқ. Кәміл хәлге жете алмағандығының себебінен мұңайып, жылаған-ды.)
Кейін Жәбірейіл мені жетінші көкке шығарып, Ибраһиммен (аләйһиссәләм) кездестік.
Жәбірейіл (аләйһиссәләм):
– Бұл атаң Ибраһим ғой! Оған сәлем бер! – деді.
Мен сәлем бердім, ол да сәлемімді алды. Кейін:
– Салих ұлым қош келдің, салих пайғамбар қош келдің! – деді.
Одан кейін маған:
– Уа, Мұхаммед! Үмбетіңе менен сәлем айт. Мұнымен қоса оларға жәннат топырағының өте жақсы, суының өте тәтті, жерінің сондай кең әрі түп-түзу екенін жеткіз. Оларға айт, жәннатқа көптеп ағаш ексін. Жәннат ағаштары «сұбханаллаһ, уәлхамдулиллаһ және лә иләһә илләллаһу уаллаһу әкбар!» деуден тұрады, – деді.
Кейін Сидратул Мунтаһаға шығарыл-дым. Бұның жемістері (Йеменнің) Хәжар құрмасы сияқты ірі еді, жапырақтары да пілдің құлақтары сияқты еді.
Жәбірейіл (аләйһиссәләм) маған:
– Міне, осы «Сидратул Мунтаһа!», – деді.
Бұл жерде төрт өзен бар: Екеуі батыни (рухани) өзен, қалған екеуі заһири (дүниелік) өзен.
– Бұлар не сонда, уа, Жәбірейіл (бұның ұғымы не)? – деп сұрадым.
Жәбірейіл (аләйһиссәләм):
– Мына екі батыни өзендер – жәннаттың екі өзені. Заһири өзендердің бірі – Ніл, екіншісі – Евфрат өзені! – деді (Бұхари, Бәдул Халқ 6; Әнбия 23, 43; Мәнакибул Әнсар 42; Муслим, Иман 264; Тирмизи, Тәпсір 94, Дағуат 58; Нәсай, Салат 1; Ахмед бин Ханбәл V, 418).
(Кейбір ғалымдардың алға тартқан пікірлеріне қарағанда, Ніл мен Евфрат өзендерінің Расулуллаға (с.ғ.с.) жәннатта көрсетілуінің сыры мынада: Исламның нұры жер жүзіне жайылады. Ислам Ніл мен Ефрат өзендерінің айналасындағы берекелі топыраққа (жерге) ие болады. Сол өлкелердің халқы ирандықтардың отқа құлдығынан әрі Византияның үштік сенімінен арылады. Бұл өлкелердің халқы ұрпақтан-ұрпаққа таухид-тің туын көтеріп Исламға қызмет етеді.)
Сидратул Мунтаһада Жәбірейіл (ғ.с.):
– Әй, Алланың Расулы! Бұдан арғы жаққа өзің ғана өтесің! – деді. Мен:
– Не үшін? – деп сұрадым.
Ол былай жауап берді:
– Хақ тағала маған осы жерге дейін шығуға рұқсат берген. Егер осы жерден тағы бір қадам алға бассам, жанып, күл боламын! – деді» (Рази ХХVІІІ, 251).
Сөйтіп осыдан кейінгі жолды Алла Расулы (с.ғ.с.) жалғыз өзі жалғастырады.
Осы сапарда Алла тағала құлы әрі расулы Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) ғажайып әрі таң қаларлық оқиғалар мен көріністер көрсетті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол түні Мәсжидул Ақсада бүкіл пайғамбарларға имам болып намаз оқытты. (Ибн Сағд І, 214.)
Сидратул Мунтаһада Пайғамбарымыз-ға (с.ғ.с.) көптеген нәрселер білдірілді. Қасиетті аятта былайша баяндалды: «(Мұхаммедтің ғ.с.) көзі таймайды да, үстірт қарамады. Расында ол, Раббының ең үлкен белгілерін көрді» («Нәжім» сүресі, 17-18-аяттар). Бұлардың барлығы Раббымыздың ерекше сыйы болатын. Құран Кәрімде: «Жолдастарың (Мұхаммед) адаспады әрі бұрысқа да сенбеді (ауытқымады). Ол өз ойынан сөйлемейді. Ол көкейіне салынған уахидан басқа нәрсе сөйлемеді. Өйткені оған оны өте күшті ұлы жаратылған (Жәбірейіл ғ.с. Раббысының әмірімен) үйретті. Кейін ең жоғарғы көкжиекте (Сидратул Мунтаһада Жәбірейіл ғ.с.) өз бейнесінде дәл тұрды» («Нәжім» сүресі, 2-7-аяттар).
«Кейін ол жақындап төмендеді» («Нәжім» сүресі, 8-аят). Яғни Пайғамба-рымыз (с.ғ.с.) иләһи күштің арқасында жоғарыға көтерілді. Тұрған жері мен құзырлы орнынан әрмен қарай тағы да көтерілді. Осылайша Пайғамбар Миғражда ең жоғары әрі ең биік мекенде тұрып, тіпті онымен ғана шектелмей Аллаға қарай жақындай түсті. Соңында иләһи күштің әсерінен бір сәтте ең жоғарғы мекеннің арғы жағына өтеді. Қасиетті аятта: «(Мұхаммед пен Раббының) арасы, садақтың екі басындай аралықта, бәлкім одан да жақынырақ болды», – делінген («Нәжім» сүресі, 9-аят).
Хазірет Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) Раббысына жақын-дағандығы соншалықты, бүкіл себептер ортадан алынып тастал-ды да тұп-тура: «Алла сол уақытта құлына уахи ететін нәрселерін көкейіне салды» («Нәжім» сүресі, 10-аят) деген аят айқындалды.
Ал қасиетті аяттағы уахидің не екендігі былайша баяндалады:
1. Намаз. Миғражда берілген әмірлердің ең маңыздыларының бірі – намаздың парыз болуы.
2. Алла Расулына (с.ғ.с.) арнап: «Пайғамбарлардың ешбірі сенен алдын, ешқандай үмбеттер де сенің үмбеттеріңнен бұрын жәннатқа кірмейді!», – деп баяндаған (Рази, ХХVІІІ, 248).
3. «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты уахи етілді.
Бұл жайында мынадай хадис бар: «Расулуллаға (с.ғ.с.) (Миғражда) үш нәрсе берілді: бес уақыт намаз, «Бақара» сүресінің соңы және үмбетінен серік қоспағандарының үлкен күнәларының бағышталатыны…» (Мүслім, Иман 279).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис шәрібінде былай дейді: «(Миғраж уағында) жәннат есігінің алдында тұрып ішке көз жүгірттім. Ол жерге кіргендердің көбі кедейлер еді. Байлар да (есеп-қисап беру үшін) қамауда еді. Бұлардың тозақтық болғандарын отқа лақтырылу үшін әмір келіп еді. Тозақтың есігінде де тұрдым. Ол жерге кіргендердің көбісі әйелдер еді» (Бұхари, Риқақ 51; Муслим, Зуһд 93).
Иә, расында да бұл оқиға пейілі таза жандардың хақ жолды табуына, иманының артуына себеп болды. Ал қараңғылықтың қапасынан құтыла алмаған қара ниетті жандардың қызғанышы мен қырсықтығын арттыра түсті. Пайғамбар (с.ғ.с.) Қағбаның Хижр деген жерінде мүшріктерге болған оқиғаны баяндап берді. Олардың ешбірі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзіне сенбеді. Бұны естіген Әбу Жаһил Пайғамбарды мазақ етті. Ақса мешіті жайлы сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) егжей-тегжейлі суреттеп берді. Өйткені Алла тағала сол мезетте Ақса мешіті арасындағы пердені ашып, көз алдына әкеліп қойған болатын. Мүшріктер қатты таңырқады. Бір топ мүшріктер: «Ей, Мұхаммед! Сен біздің керуендер жайлы айтшы. Ол біз үшін Ақса мешітінен де қымбаттырақ. Сен керуенді кездестірдің бе?», – деп сұрады. «Иә, кездестірдім. Пәленше түйесін жоғалтып, соны іздеп жүрген. Ол керуен қазір Тәним асуынан шығып келеді. Керуеннің алдында қара түсті бір түйе келеді», – деді.
Айтылған сөздердің өтірік болып шығуынан үміттенген құрайыштықтар Тәним асуына қарай бет алып, керуеннің алдын тосты. Керуен келгенде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқаны рас болып шықты. Сонда да «бұл ап-ашық сиқыр» дегеннен басқа ешнәрсе таппады. Мойындауға желкелерінен тартқан қырсық жібермей тұрды.
Бір сөзбен айтқанда, Миғраж пенделерге тән мекенге және заманға жанаспайды. Бұл ешкім-нің ақылына сыймайтын ұзын сапар әрі қисапсыз көріністер. Мұндағы жайттар секундтан аспайтын аз ғана бір уақыт ішінде өтті. Бұл сапардағы таңғажайып көріністерді толықтай қыр-сырымен қағаз бетіне түсіруге адам баласының қауқары жетпесе керек. Тіпті пенделік түсінігімізге сыйғызу мүмкін емес. Бұл са-пардың негізгі ақиқаты мен ішкі сыры Аллаға және Расулына тән. Ол мәңгілік бір сыр болып қалатын дүние.

Батыржан Мансұров, 
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы

Айтжан ЖексеновАйтжан Жексенов
10 жыл бұрын 4998
0 пікір
Блог туралы