Алланың рақымы немесе тәубе еткен күнәһардың жағдайы
Алланың рақымы немесе тәубе еткен күнәһардың жағдайы

Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде Алла Тағала өзіне тәубе еткен адамды қалай кешіргенін былайша баяндайды: «Ілгері заманда тоқсан тоғыз адамның өмірін қиған бір баскесер болған екен. Кейіннен ол жасаған күнәлары үшін өзегі өртене өкініп, іштей ар-ождан азабын тартып әбден қиналады. Не істерін білмей ел-жұрттан ақыл сұрайды. Ел оған ақыл-кеңесті монахтан сұра деп жөн сілтейді. Ол оған барып «Бір адам тоқсан тоғыз адам өлтірсе, содан кейін күнәларына опынып, тәубе етсе, қабыл бола ма?», - деп сұрайды. Монах: «Ол мүмкін емес. Оның тәубесі қабыл болмайды»,- деп үзілді-кесілді жауап береді. Іштей қатты азап тартып, үміт сәулесін іздеп жүрген адам оның осы жауабынан кейін мүлде тауы шағылып, не істерін білмей түтігіп, алапат ашумен әлгі монахты да өлтіріп, өлтірген адамдарының санын жүзге толтырады. Бірақ артынан қайта ар-ожданы шыдатпай, шарқ ұрып ел-жұрттың мазасын алып Хақ Тағаланың рақымы хақында білетін біреу бар ма деп жатпай-тұрмай сұраумен болады. Ақыры оны біреулер пәлен жерде бір ғалым бар, бір білсе сол біледі деп соған жол сілтеп жібереді. Әлгі ғалымға: «Бір адам жүз адам өлтірсе, содан кейін жасаған қылықтарына пұшайман болып, тәубе етсе, қабыл бола ма? - дейді*. Ғалым «Әлбетте. Тәубе етуші мен тәубенің арасына кім кедергі жасай алады дейсің?!»,- дейді. Ғалым сөзін жалғастырып: «Бірақ сен пәлен деген жерге жырақ кетуің қажет. Өйткені сол жерде Аллаһ Тағалаға құлшылық қылатын көркем мінезді адамдар бар. Сен де соларды өнеге тұтып, солармен бірге Құдайға құлшылық жаса. Еш уақытта өскен жеріңе қайта оралушы болма. Өйткені, ол өте жаман аймақ»,- деп ақыл айтып жөн сілтейді.

Осыдан кейін әлгі адам жолға шығады. Бірақ жолдың қақ ортасына келгенде, өмірлік дәм-тұзы таусылып ажал құшады. Сол жерде рақым періштелері мен азап періштелері бір-бірлерімен дауласа бастайды: Рақым періштелері: «Бұл адам тәубе етіп келді. Ол толықтай жүрегімен Аллаһ Тағалаға бет бұрған адам», - дейді. Азап періштелері де: «Тәубе еткенмен бұл ешқандай жақсы амал, ізгілік жасаған жоқ»,- деп қарсыласады. Олар осылайша таласып тұрғанда адам кейпіндегі бір періште келеді. Періштелер оны төреші етеді. Төреші оларға: «Оның шыққан жері мен баратын жерінің арасын өлшеңдер. Қай жағы жақын болса, сол жақ алсын»,-дейді. Періштелер екі жердің арасын өлшеп қарағанда, баратын жеріне бір қарыс жақын болып шығады. Рақым періштелері дереу оны алып кетеді»[1].



* Бұл хадисте адам баласының күнәлары таудай болса да Хақ Тағаланың рақымдылығына шақ келмейтіндігі айтылған. Яғни бұл дүниде ғұмыр кешкен әрбір адам баласына тәубе есігі айқара ашық. Пайғамбарымыз да бір хадисінде: «Күллі адам баласы қателік жасайды. Сол қателескендердің ең қайырлысы – сол жасаған қателіктерін түзеген адам» дейді. Болмаса Исламда қалағаныңша күнә жасай бер, қорықпа. Сосын артынан тәубе етерсің демейді. Адам пенде болған соң қателеспей тұра алмайды. Міне, сондықтан бұл жерде лаңкестерге жаза жоқ деп тұрған жоқ. Қайта Исламда бір адамды өлтіру жер бетіндегі күллі адамзатты өлтірумен тең саналып, әлгі қылмыскер шариғат бойынша өлтіріледі. Яғни бір баскесердің тәубасы бір басқа, өлтірілуі бір басқа мәселе. Шариғатта баскесердің тәубасына қарамайды. Тәубесіне келу оның Аллаһ Тағаламен арасындағы мәселе. Яғни бұл тікелей ақыретке қатысты.

[1] Бухари, Әнбия 50, Муслим, Тәубе 46.

(c) Мұхитдин Исаұлы

Айтжан ЖексеновАйтжан Жексенов
9 лет назад 5683
1 комментарий
  • Шариғатта баскесердің тәубасына қарамайды. Тәубесіне келу оның Аллаһ Тағаламен арасындағы мәселе. Яғни бұл тікелей ақыретке қатысты.
    9 лет назад
О блоге
Прямой эфир