Бейімбет МАЙЛИН: Аш, жалаңаш
Бейімбет МАЙЛИН: Аш, жалаңаш

Күз…

Ызыңдаған ащы жел лебін денеге соғып, тітіркендіреді. Денені түршіктіріп, қыстың ызғарын көз алдыңа елестетеді:

– Қыс келеді, қыс келеді!.. – дегендей болады.

Қыс, көріп жүрген қыс. Қыстың суығына ұрынбау үшін адам баласы əдістеніп үйренген. Əлі келгендері:

– Отын даярлап жатыр…

– Тон-ішігін даярлап жатыр… Əлі келмегендері:

– Бұлар не қылсын?…Несін даярласын?!… Жоқ, қой, табары жоқ қой!”

Бұлар кім? Бұлар – үсті-басы кір-кір, екі көзі ғана жылтырап, көше бойында бүрсеңдеп жүрген балалар ғой, үсті-басы алба-жұлба, денесі   көрініп  тұр. Екі көзі мөлдіреп, өткен-кеткенге сұқтанып қарайды.

– Сендер бақыттысыңдар ғой. Біздің аш-жаланаш жүргеніміз мынау! – дегендей болады.

Қарны аш, үсті жалаңаш, денесі кір-кір, ібіліс, нас! Қандай күш мұны тентіретіп жүр? Əкесі қайда?.. Бауыры қайда? Неге қарнын тойдырмайды?!.. Неге үсті-басын жуып, мұнтаздай қылып киіндіріп қоймайды?!

– Ай, дүние-ай, десейші! Əке болса, əкенің қарасар дəрмені болса, бүйтіп қояр ма еді? Іштен шыққан баласын кім жек көреді дейсің, əттең дəрмен!…

Кеш болса, суық леп ызғарын үдете түседі. Қою қараңғылық əлемді албастыдай басып, ағаш жапырақтары өлдім деп сыбдырлап, сыбырлағандай болады…

Құлаған ескі тамның қуысында бүрісіп жатқан біреулерді көресің.

Бұл кім?

Бұл əлгі аш-жалаңаш дірдектеп жүрген балалар! Аштықтан іші ұлыды, суықтан дене тітіркенеді, іші мен тысы бірдей жай таба алмай, дөңбекшіп ыңырсығанда жан баласы төзерлік емес!…

Жалғыз-ақ суық жел ғана ысқыруын үдетіп күлген сияқтанады…

Тамағы тоқ, киімі бүтіндер көңірсіп үйінде отыр. Жас балалар “папалап”, “мамалап”, еркелейді, ойынға ерінеді… Осы күйді жек көретін адам бар ма? Өзі сондай күйде отырып, басқалар аш-жалаңаш қаңғырып жүре берсін дейтін адам табыла ма?

Табылмас. Басқа жерден табылса да, біздің кеңес үкіметінен табылмас. Табылуы да мүмкін емес.

Ұлы төңкерістің он жылдығын тойлауға əзірленіп жатырмыз. Бірер жетіде той болады. Кеңес елінің еңбекшілері қызыл туын желкілдетіп, қатарын түзеп, салют береді. Жас пионерлер жалынды ұранын салып, жер күңірентіп, қатарын түзеп олар да шығады…

Ана аш-жалаңаш балалар қайтер екен? Олардың киіп шығатын киімі қайда? Тойып ішетін тамағы қайда? Мұны кімге айтады? Ұлы мерекеге қосыла алмаса, жас буынмен бірге үн беріп:

Біз де əзірміз! –деген сертін айта алмаса, қапа болып қалды ма?

Қызылордадағы уездік əйелдер бөлімі бұл жұмысты қолға алып жатқан көрінеді.

Той қызметіне аш-жалаңаш жүрген жетім балаларға киім-тамақ жимақ көрінеді.

Игі іс. Бірақ, мұндай жұмыс бірер мекеменің қолынан келетін жұмыс емес. Бұған толып жатқан күш керек. Кеңес орындарының мекемелерінің, саналы азаматтарының күрделі көмегі керек.

Игі жұмысқа бастаушы шықса, қостау міндеті көптікі. Көп көмегін көрсетіп, жұртшылық міндетін өтеп, басталған жұмысты дегенше орындап тастау керек!

Қорғансыз балалар көп болғанда қанша дейсің: үй болып қоңырсып, бала сүйіп, мəз-мейрам боп отырғандардың шегі жоқ. Бір балаға тоярлық пұл беруге, бір баланы тойындырып жіберуге солардың қайсысының əлі келмейді?!

Игілік жұмыс басталды. Саналы азаматтар, мейрімді аналар, ана қорғансыз балаларға қарас! Екі көзі жаудырап:

– Бізді де есіркеңдерші! – дегендей боп тұр ғой… Өз балаларындай бала ғой, киіндір, тойындыр, жəрдеміңді бер, олар да қуансын!

Жұртшылық өсіп қалғанын олар да көзімен көрсін!

 Бейімбет Майлин

1926 ж. (əңгіме: // Еңбекші қазақ. – 1927. – 21 окт.; “Кесінділер” жинағында, 1929 ж.)

қазақ тарихы, БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН
Айтжан ЖексеновАйтжан Жексенов
9 жыл бұрын 10881
1 пікір
Блог туралы