ҚАЗАҚҚА КЕРЕК МЫСАЛ
ҚАЗАҚҚА КЕРЕК МЫСАЛ

Мұсылман адам қашан да екі дүниенің тепе-теңдігін сақтай білуі тиіс. Яғни, тек қана ақыретті ойлап, бұл дүниенің тіршілігінен бас тартпауы керек. Сондай-ақ бұл дүниенің қызығына бас қойып, ақыретті ұмытпау ләзім. Мысалы, тек өз қарақан басын ойлап, халықтың мұң-мұқтажын өз пайдасына жарату мұсылмандыққа тән қылық емес. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» демекші, ел үстінен күн көру Исламға жат. Қайта қоғам дағдарысқа түскен кезде, елді сол қиын-қыстау тығырықтан құтқару нағыз тақуалыққа жатады. Ел дағдарыстан құтылса, өзі де бірге құтылмақ. Ал жапа шеккен қоғамның аузына бір тамшы суды санап саудалау кәпірдің мінезіне жатады. Пайғамбарымыз: «Бір мұсылман қатты қиналған біреуге көмектесіп, оны қиыншылықтан құтқарса, Алла да Махшарда оны ауыртпалықтан құтқарады» дейді. Ал енді сіз бүкіл бір ауылға яки елге дағдарыстан құтылуға көмектессеңіз, ақыретте Алла Тағаладан қандай жәрдем келетінін есептей беріңіз. Ендеше, мұсылман мұндай кезеңде барын сала ұмтылып, зор сауап-табысқа қол жеткізіп қалғаны абзал. Бұл заттық әрі рухани да бола алады. Яғни қиналғандарға ақшалай, заттай, ой-пікір, ақыл-кеңес арқылы қол ұшын беруді білдіреді. Исламнан, Құраннан, иманнан жырақтап  рухани дағдарысқа түскен елді құтқару да сондай болмақ.

Әбу Бәкірдің (р.а.) халифа болып тұрған кезінде бірде Мәдинада қуаңшылық белең алды. Халық бір үзім қара нанға зар болды. Осыдан кейін Мәдинаның барлық саудагерлері қолындағы бар қаржысын бидай алып, оны үстеме бағамен сатуға жұмсады. Хазіреті Оспан да осы кезде Шамға адамдарын жіберіп, жүз түйеге бидай артып әкелдіреді. Бұл Мәдина халқының басым көпшілігіне жететін астық болатын. Осыны естіген кейбір саудагерлер дереу хазіреті Оспанға барып, сол бидайды сатып алмақ болды. Олар бидайдың шамамен бес келісіне төрт дирхам бермек болып ұсыныс жасады. Бірақ хазіреті Оспан саудагерлердің бұл бағасын аз көріп: «Сендерден де артық беруші бар» деп қарсылық білдірді. Саудагерлер бағаны көтеріп көріп еді ол тағы да: «Сендерден де артық беруші бар» деп келіспей қойды. Саудагерлер бағаны жеті дирхамға дейін көтеріп көрді. Алайда ол тағы да әлгі сөзін қайталап: «Сендерден де артық беруші бар» деп жауап қайырады. Кейбір адамдар оның қарсылығын «мынау қысылтаяң шақты пайдаланып көп олжа таппақ болып тұрғанға» жорыды. Халық аш жатқанда мынаның бұл тірлігі ақылға сыйымсыз, бұнысы несі деп түсіне алмады. Ақырында олар мәселені Халифа Әбу Бәкірге жеткізді. Ол: «Меніңше бұнда бір сыр жатыр. Шамасы, сендер оны түсіне алмағансыңдар. Ол – Алла Елшісінің күйеу баласы һәм Жәннаттық серігі. Елдің аштығын пайдаланып олжа табар адам ол емес. Оның бұл ісінде сөзсіз даналық жатыр. Ал, кәне, бәріміз бірге барып істің мәнін жеке өзінен сұралық»,- дейді.

Олар осылайша бірге хазіреті Оспанға барады. Халифа оған саудагерлердің шағымын айтып, неге айтылған бағаға сатпағанын сұрайды. Хазіреті Оспан сонда былай деп жауап береді: «Ей, Алла Елшісінің Халифасы! Бұлар бидайды жеті дирхамнан беруді сұрады. Яғни, бірге жеті есе бермек болды. Бірақ мен оны бірге жеті жүз есе беретін біреуге сатқым келіп отыр. Алла Тағала әрбір жақсылыққа жеті жүз есе сауап беремін деп уәде еткен жоқ па?! Мұндай мол табыс тұрғанда мен неге затымды оларға арзан бағаға берейін?!».

Хазіреті Оспанның мына жауабына саудагерлер таңырқап, терең ойға батты. Ол жайлы жаман ойлаған-дарына ұялды. Хазіреті Оспан осыдан кейін жүз түйелі бидайдың бәрін Мәдина халқына садақа етіп тегін таратты. Кедей мен жоқ-жітіктерді қуанышқа бөледі. Осылайша Мәдинада қуаңшылықтың сұрқай беті қайтқан-ды.

Пайғамбарымызбен қатар барлық сахабалар да бізге теңдессіз өнеге. Сол себепті хазіреті Оспанның мына ісі қашан да көкірек көзі ашық адамдарға ғибраты мол өнеге болып қала бермек.

Айтжан ЖексеновАйтжан Жексенов
10 жыл бұрын 5411
3 пікір
  • Дұрыс осы бір тасада жатқан мәселені жақсы көтеріпсіз. Осы тұста адалдықты белден басын жүргендер ойланар... Расында қазақққа керек мысал екен!
    10 жыл бұрын
  • Алла Тағала әрбір жақсылыққа жеті жүз есе сауап беремін деп уәде еткен жоқ па?!

    Сауаптан құр қалмайық, әр айлықтан аз да болса садақа беріп үйренейік. Сонда мұқтаж жанды емес, ең алдымен өзімізді құтқарамыз.
    10 жыл бұрын
  • Біздің қазақта да атымтай жомарттар жеткілікті Аллаға шүкір.
    10 жыл бұрын
Блог туралы