НИЕТ немесе бір құты айран
НИЕТ немесе бір құты айран

Түркияда әлі күнге дейін туристердің, әсіресе, еуропа мен жапон туристері арнайы келіп көретін алып Сүлеймания деген мешіт бар. Сол мешіт салынарда мынадай бір қызықты оқиға болады. Сол елдің Сүлейман деген патшасы бір күні үлкен сауапқа өзі ғана кенелгісі келіп, Алла үшін қияметке дейін шыдайтын мешіт салғысы келеді. Шартараптан небір атақты шебер ұсталарды шақыртып: «Мен иншалла қияметке дейін шыдас беретін мешіт салғым келіп отыр. Осы істі сендерге тапсырамын. Оның қаржысын мемлекеттен емес, бәрін де өзім төлеймін. Байқаңдар! Ешбір тірі пендеден бір тиын да алушы болмаңдар!» деп қатаң ескертеді. Сонымен мешіт құрылысы қызу түрде басталып та кетеді. Құрылысшылар ешкімнен соқыр тиын да алмай, қаққан әрбір қазығының қаржысын патшаның тікелей өзінен алып отырады. Көп ұзамай-ақ алыстан менмұндалап зәулім мешіт бой көтере бастайды. Бірақ, осы құрылысқа жақын маңдағы бір кепеде жалғызбасты бір кемпір өмір сүретін. Оның өмірдегі бар байлығы қорасындағы жалғыз ешкісі ғана еді. Ол сол ешкісін далаға жайып, соның сүтін сауып, ұйытып айран етіп, базарға сатып күнелтетін. Әлбетте, үйінің жанындағы құрылысты ол да күнде көріп, көп ұзамай алып мешітке көрші болатынын сезіп іштей қуанып жүруші еді. 
Бірде ол жалғыз ешкісін сауып жатып: «Дәл үйімнің іргесінде көптен бері мешіт салынып жатыр. Одан бейхабар жандай қалай жүрмекпін. Менің де соған қосарым болуы керек қой» деп ойлайды. «Сорлы-ау, неңді берейін деп едің?! Оны салдырып жатқан осы елдің патшасы. Ал сен неңді қосасың? Мына жалғыз ешкіңді сатсаң да оның бір кірпішін сатып алуға шамаң жетпес. Ал ешкіңді сатсаң ертең қайтіп күн көрмексің?» дейді өз ішінен қасарысқан бір дауыс. «Несі бар. Ешкімді сатпасам да өзімнің бір күндік тапқан табысымды қосармын» дейді ол өз-өзіне жауап қатқандай. Ол осылайша сауған сүтін бір құты айран етіп, түс әлетінде құрылысшыларға апарып береді. Түстік асына кірісіп кеткен бір топ құрылысшылар мен шеберлер оның мына құты айранын алады да сол сәтте-ақ қотарады. Ұсталардың ешбіріне мынау сауапқа ортақ нәрсе деген ой келмейді. Тіпті әжейдің келіп-кеткенін байқамай да қалады.
Дәл сол түні Сүлейман патша түс көреді. Түсінде қиямет болып, барша адамзат қайта тіріліп, Махшарға жиналып, жақсылықтары мен жамандықтары таразыға тартыла бастайды. Бір кезде таразының бір басына Сүлеймания мешіті, бір басына бір құты айран қойылып тартылады. Сол кезде Сүлеймен мешіті жеңіл тартып, бір құты айран ауыр басады. Сүлейман патша таң қылаң бергенде азан дауысынан оянып кетіп, көпке дейін өзінің қай әлемде тұрғанын білмей, түс сезімінен айыға алмай жатады. Артынша дереу шеберлерді түгел шақыртып: «Мешітке кім жәрдем етті?»,- деп сұрайды. Барлығы бірдей: «Жо-оқ, патшам! Ешкім жәрдем еткен жоқ. Сіздің жарлығыңыз бойынша ешкімнің көмегін қабылдамадық»,- дейді. Патша оларға сенбей іздеу салады. Барлығы да ойланып тұрып: «Ешкім жәрдем еткен жоқ. Тіпті кеше сырттан келген бөтен адам болмады. Тек мына кепеде жалғыз тұратын бір кәрі әжей келіп, түс әлетінде бір құты айран бергені болмаса»,- дейді. Қатты ойға батып отырған патша «бір құты айран» деген сөзді байқап қалып: «Бір құты айран!»,- деп дауыстап жібереді.
Иә, «Мұсылманның ниеті – жасаған амалынан қайырлы», кейде мысқалдай ниет батпандай амалдан әлдеқайда ауыр деген осы. Жалғыз басты, жарлы кәрі кісінің амалы бір құты болғанмен Хақ Тағалаға деген ыстық ықыласы зәулім мешіттің салмағындай, тіпті одан да ауыр болған. Сол себепті иншалла қияметке дейінгі сол мешітте оқылған Құран мен намаздың сауабы Сүлейман патша мен бірге әлгі кәрі кісіге де бірдей арттарынан жазылып тұрмақ. Бұл да Құдай Тағаланың құлдарына деген шексіз рақымдылығы мен шарапаты.

 

http://vk.com/gibratnama_kz?w=wall-63060164_6723

ниет
Айтжан ЖексеновАйтжан Жексенов
2 жыл бұрын 705
4 пікір
  • Ғажайып ғибратты оқиға екен. Ықыласпен жасалған таза амал. Риядан, тәкаппарлықтан ада шынайы адал ниет. Алла құлына берген мүмкіншілігіне қарай сияпатын жасайды.
    2 жыл бұрын
  • Кемпір қолындағы бар мүмкіншілігін Құдай жолына берді. Ал патша мешіт салса да, қолындағы бар байлығын сарп еткен жоқ. Патшаның ықыласына "мешітті мен жеке өзім саламын" деген пендешілік ниет араласқан. Ал кемпір "мешіттің құрылысына көмектесе алмадым, ұят болды, барым осы, қабыл ала көр деген кішіпейіл шынайы ниет бар. Айырмашылық осы болса керек.
    2 жыл бұрын
  • Адамның ниетіне байланысты барлығы. Үлгілі оқиға.
    2 жыл бұрын
  • «Мұсылманның ниеті – жасаған амалынан қайырлы»
    2 жыл бұрын